- Жарияланған: 05 қазан 2019 /
Ғылыми-зерттеу ұйымы ретінде аккредиттелген «Qazproftec» ЖШС-і Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Дүниежүзілік Банкпен бірге «Өнімді инновацияларды ынталандыру» жобасы аясында 2016 жылдан бастап «Кәсіптік бағдарлаудың, мамандықтардың қажеттіліктерін талдау мен болжаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі – Bagdar.kz» жобасын жүзеге асырумен айналысады және кәсіптік бағдарлау бойынша мектеп оқушылары мен жастарға арналған «Қазақстан болашағы: кәсіптік бағдарлаудан мансапқа дейін!» атты шараны өткізеді.
Шараның басты мақсаты техникалық және кәсіптік, жоғары және орта кәсіптік білім саласындағы білім беру өкілдері арасында мектеп оқушылары мен жастарды заманауи кәсіби бағдарлау және өзін-өзі табу саласында тәжірибемен алмасу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында және одан тыс жерде негізгі және қосымша кәсіптік білім алу мүмкіндіктерімен таныстыру болып табылады.
Шара барысында мынадай мәселелер қаралды: жоғары оқу орындары түлектерінің әрі қарай жұмысқа орналасу мүмкіндіктерімен таныстыру, Қазақстанда және шетелде орта, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің кәсіптік бағдарлау траекториясын таңдау жөніндегі ұсыныстары, балалар мен жастар үшін әлеуметтік және қаржылық білім алу тұжырымдамасы, шетелдегі оқу мекемелерінде кәсіптік бағдарлау жүйелерінің үлгілерін зерттеу және т.б.
Шараға ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР БҒМ Ғылым комитеті, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту орталығы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының өкілдері, психологтар, кәсіптік бағдарлау саласындағы ұстаздар және ғылыми қызметкерлер, Нұр-Сұлтан қаласының мектеп оқушылары мен студенттері, сондай-ақ Балтық халықаралық академиясы (Латвия), Афлатун халықаралық ұйымы (Нидерланд), I Global Университетінің (АҚШ) өкілдері қатысты.