Астанада Қазақстан Үкіметі мен Дүниежүзілік банктің «Өнімді инновацияларды ынталандыру» бірлескен жобасын жүзеге асырудың 2018 жылғы қорытындысы жасалды.

«Өнімді инновациядарды ынталандыру» жобасы Қазақстан Үкіметі мен Дүниежүзілік банктің келісімі шеңберінде 2016 жылғы 1-ші наурыздан бастап жүзеге асырылып келеді және 2020-шы жылға дейін жалғасады. Жоба құрамында бес компонент бар. Жобаның негізгі мақсаты – инфрақұрылым құру және еліміз үшін өзекті, жоғары сапалы зерттеулерді қолдау, сондай-ақ еліміздің инновациялық әлеуетін жоғарылатуға көмектесетін коммерцияландыру циклін біріктіріп, нығайту үшін әлемдік білім мен тәжірибені тиімді пайдалану.

Инновацияларға арналған база құру бойынша компонент шеңберінде аға және кіші ғылыми қызметкерлер топтарына гранттар бөлінеді.

Жобаларды басқару тобының директоры Мұрат Сартбаев түсіндіргендей, бұл бағдарлама бойынша байқауға қатысуға 901 өтініш берілді. Қазіргі таңда 40 қосалқы жобалар жүзеге асырылуда, 1 жоба сәтті аяқталды.

«Біз жобалардан олар өндіріс құрып, алғашқы сатылымдарын іске қосуды талап етеміз. 41 жобаның 17-і алғашқы сатылымдарына қол жеткізді, сатылымдар көлемі 200 миллион теңгеден асады. Бүгінгі таңда 9 лицензиялық мәміле құрылды, олардың екеуі шамамен 5 және 15 миллион теңге көлемінде алғашқы табыстарын көрді», - деп түсіндірді Сартбаев.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда ұлттық патентке 18 өтініш берілген, еуразиялық патентке – 4, сондай-ақ халықаралық РСТ-өтінім берілді.

«Өндірістік консорциумдар құру» компоненті екі бағыт бойынша қызмет етеді: өндірістік сектор консорциумдары және инклюзивті инновациялар консорциумдары. Өндірістік сектор бойынша 2017 жылдан бастап 3 жоба іріктеліп, жүзеге асырылуда. Бұл ретте бизнес тарапынан бірлесіп қаржыландырудың орташа сомасы  48% құрады. 2018 жылы да 3 жоба іріктелді. Осы жолы бизнес тарапынан бірлесіп қаржыландырудың орташа сомасы  38% құрады.  

Инклюзивті инновациялар бойынша бағытты жүзеге асыру 2018 жылғы қазаннан басталды.

«Инклюзивті инновациялар – ол тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға көмектесетін, сонымен қатар тұрақты коммерциялық әлеуеті бар кез-келген инновациялар. Бұл инновациялар денсаулық сақтау, ауыл шаруашылық, білім беру және т.б. секілді түрлі салаларда енгізіледі. Байқау 14-ші желтоқсанда аяқталды, шамамен 95 өтініш жіберілді. 2019 жылы халықаралық комиссия осы бағдарлама бойынша жеңімпаздарды іріктейтін болады», - дейді 2 компонент менеджері Дархан Сейтқазин.  

Сонымен қатар 2017 жылы конкурстық іріктеуден соң ЖОО жанынан 10 технологияларды коммерцияландыру кеңселері (ТКК) анықталды және ғалымдар мен кеңсе қызметкерлерін ағылшын тіліне, коммерцияландыру негіздеріне оқыту, академиялық хат жазу және шет елдерден халықаралық гранттар іздестіру бойынша тренингтер өткізілді.